Ақтөбелік полицейлер 15 бас жылқы ұрлығын ашты
Биылғы жылдың ақпан айында Мұғалжар ауданында орналасқан шаруа қожалығының еркін жайылымынан, осы шаруашылықтың 39 жастағы басшысына тиесілі 15 бас жылқы ұрланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Темір ауданының 27 және 28 жастағы екі тұрғыны анықталып, ұсталды. Олардың бірі тергеу изоляторына қамалды, екіншісінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ұрланған мал иесіне жартылай қайтарылды. Мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
30 шілде күні белгісіз адам Мұғалжар ауданынан 20 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығынан шаруашылық басшысына тиесілі бес бас қой ұрлап, 400 мың теңге шығын келтірген. Осы факті бойынша аталған шаруашылықтың 41 жастағы малшысы ұсталды, ер адам Мұғалжар ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мал ұрлығы немесе бөтеннің малын жасырын ұрлау – бұл ауылдық мекендерде жиі кездесетін қылмыстардың бірі.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл қылмыстың алдын алу үшін мал иелері өз мүлкін қорғау үшін барлық сақтық шараларын қолдануы керек. Негізінен, мал ұрлығы фактілері көбіне жануарларды еркін жайылымға қараусыз жіберуден, сақтық шараларын қолданбаудан болып жатады.
Осыған байланысты, Ақтөбе облысы Полиция департаменті ақтөбеліктерді мүліктерінің қауіпсіздігі мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады, өйткені жоғалған малды немесе кінәлі адамдарды іздеуден гөрі қылмыстың алдын алу оңай.