Ақтөбелік полицейлер саяжайларды тексеріп жатыр
Ақтөбелік полицейлер саяжай алқаптарын тексеріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмысқа қарсы күресті күшейту, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылғы 02-11 сәуір аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізілуде.
Мәселен, іс-шараның үш күнінде учаскелік полиция инспекторлары түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 800-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 43 отбасылық жанжал тудырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені және қоғамдық орында спирттік ішімдіктер ішкені үшін полиция бөлімшелеріне 131-ден астам адам жеткізілді, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуден және оқытудан жалтарғаны үшін сегіз ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа, аталған іс-шараны өткізу кезеңінде учаскелік полиция инспекторлары отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген 130-дан астам адамды анықтады және ІІО есебіне қойды, оның ішінде 78-іне қатысты қорғау нұсқамалары шығарылды.
Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлері жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында 11 қолайсыз отбасы мен тоғыз кәмелетке толмаған баланы анықтап, профилактикалық есепке қойды.
Тұрғылықты жері бойынша бұрын ІІО есебінде тұрған 2761 адам тексерілді.
Сонымен қатар, отбасылық жатақханалар, саяжай ұжымдары, шаруа және фермерлік шаруашылықтар, шалғай қыстаулар, шалғайдағы учаскелер мақсатты пысықталады. Қазіргі уақытта 589 шаруа қожалығы, 26 шағын отбасылық жатақхана, 1191 саяжай үйі тексерілді.