Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыстағы ойынхана бірнеше ескертуден кейін де, жұмысын тоқтатпады

Түркістан облысында бірнеше рет ескерту алса да, келушілерге қызмет көрсетуін доғармаған ойынхана анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин кезінде Арыс қаласы Төлеби көшесі бойында орналасқан ойынхана бірнеше рет полицейлер мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан ескерту алған. Арнайы баппен хаттама да толтырылған. Десек те, кезекті рейд кезінде аталмыш ойынхананың жұмыс жасап жатқаны белгілі болды. Яғни аудан көлемінде құрылған мобильдік топ, түнгі сағат 23:45 шамасында, карантиндік шектеулерге қарамастан келушілерді қабылдап, қызмет көрсеткен ойынхананы анықтады. Келушілердің бірқатары қажетті қауіпсіздікті сақтамаған. Полицейлер түнгі уақытта ойынханада отырған тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, толық тарқатты.

Сонымен қатар індеттің таралуын болдырмау қағидаттарына немқұрайды қарап, бір топ адамдарды қабылдап, әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған ойынхана меңгерушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шара көрілуі үшін СЭББ-ге жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға және кәсіпкерлерге карантин талаптарын, яғни бетперделік режим мен арақашықтықты сақтауды, әсіресе заңсыз ойынханалар ашып, жастардың санасын улауға жол бермеуді ескертеді. Сонымен қатар, әрбір адам өз денсаулығына жауапты екенін естен шығармағаны жөн. Өршіп тұрған індеттен сақтанудың бір жолы – адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру