Аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сақтаған шымкенттік 3,6 жылға сотталды
Аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сақтаған шымкенттік 3,6 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының полиция қызметкерлерімен қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық жайттардың алдын алу және болдырмау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіліп отырады.
Мәселен, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің назарына Еңбекші ауданы аумағында жүрген ер адам іліккен. Тәртіп сақшылары азаматты тоқтатып, жеке басын растайтын құжатын талап еткенде, азаматтың қалтасынан пакетке оралған, өзіне тән хош иісі бар есірткіге ұқсас зат шыққан. Сол мезетте есірткіге ұқсас зат айғақ ретінде тәркіленіп, сараптама тағайындалды.
Тексеру жұмыстары барысында 35 жастағы тұрғын кінәсін толығымен мойындаған. Белігілі болғандай, ол есірткі мен психотроптық затты Telegram қосымшасы арқылы жеке пайдалану үшін сатып алып, екінші жерге жасырып жүрген.
Азаматқа тағайындалған сараптама қорытындысымен және тексеру жұмыстары нәтижесімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тәркіленіп алынған жалпы салмағы 9,0273 грамм пирролидиновалерофенон (а-PVP) психотропты зат, 0,4991 грамм 4 метилметкатинон психотропты заттар жойылды.