Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әсет Исекешев смартфонына “Police 102” қосымшасын орнатты

“Police 102” қосымшасын 20 мыңнан астам қазақстандық азамат телефондарына жүктеді, олардың бірі Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Республика Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында құқық қорғау жүйесі жұмыстың сервистік моделіне көшуді жалғастыруда.

​Тиісті іс-шараларды іске асыру Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының тұрақты бақылауында.
​Осы қызмет бағыты аясында 2021 жылғы 4 наурызда Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан қаласының жекелеген полиция мекемелеріне барды.

​”Есіл” ауданының Полиция басқармасында Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын бөлімшелердің жұмысымен танысты.

Айталық, кезекші бөлімнің қызметкерлері ішкі істер органдарының жұмысына енгізілген хабарламаларды қабылдаудың көпарналы принципі туралы айтып берді.

Заманауи тәсілдерге сүйене отырып, Ішкі істер министрлігі азаматтарға дәстүрлі тәсілдермен қатар (жазбаша өтініштер, “102” телефонына қоңырау шалу) полицияның кезекші қызмет пультіне смартфон арқылы бейнетрансляциямен жүгінуге мүмкіндік беретін “Police 102” мобильді қосымшасын іске қосқан болатын.

“Police 102” бағдарламасының артықшылықтарының бірі – өтініш берушінің орналасқан жерін және оның деректерін автоматты түрде анықтау, бұл өтініш беруші туралы нақты ақпаратты дереу алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл тәсіл құқық бұзушылық туралы сигналға жедел әрекет етуге қажет уақытты үнемдейді.

Сонымен қатар, “Police 102” бағдарламасы азаматтардың сұрақтарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша түсіндіру сипатындағы жауаптарды онлайн режимінде жіберуге арналған функционалмен жабдықталған.

Алғашқы аптада бұл мобильді қосымшаны 20 мыңнан астам қазақстандық азамат телефондарына жүктеді, олардың бірі Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болды.

Жалпы, “Есіл” аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жыл басынан бері 328 мың өтініш келіп түскен, оның 240 мыңы немесе 73,2 %-ы қандай да бір оқиғаға байланысты емес.

Осы тұрғыда Әсет Исекешев азаматтардан келіп түскен барлық өтініштерге мұқият, сапалы қараудың жүйесін құру “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының негізгі элементтерінің бірі болып табылатынын еске салды.

Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы мен Ішкі істер министрі қылмыстық процесті үш буынды модельге көшіру жөніндегі шараларды іске асыруға тартылған қызметкерлердің есептерін тыңдады.

Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың ақпараты бойынша, негізгі процессуалдық шешімдерді прокурормен келісу институтын енгізу сотқа дейінгі тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілерін бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік берген.

Тиісті новелла қолданысқа енгізілген сәттен бастап жалпы республика бойынша прокурорларға келісуге 50 297 процестік шешім ұсынылған, оның ішінде 5 940 қаулы немесе 11,7% жағдайда прокуратура оларды бекітуден бас тартқан, оның ішінде 774 адамның қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартылуына жол берілмеген.

Сонымен қатар, Әсет Исекешев қатысушылардың назарын ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша қылмыстық процестің толыққанды үш буынды моделіне көшу аясында енгізілетін рәсімдерді мұқият пысықтау қажеттігіне аударды, онда негізгі шешімдер жай келісіліп қана қоймай, прокурормен қабылданады.

Бірқатар нақты тапсырма берілді.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов елорданың ішкі істер органдарын материалдық-техникалық жабдықтау туралы баяндама жасады.
Бірінші кезекте, ел басшылығының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған қызметкерлердің жалақысы артуының арқасында кадрлардың тұрақтамауы елеулі түрде қысқарғаны атап өтілді.

Полиция қызметінде сәтті қолданылып жатқан бірқатар жаңа ғимараттар мен үй-жайлар, соның ішінде “Есіл” ауданы Полиция басқармасының ғимараты пайдалануға берілді.

Баяндамамен танысқан Әсет Исекешев Мемлекет басшысының полицияның қызметтік үй-жайларында және пенитенциарлық мекемелерде жаппай бейнебақылау орнату туралы тапсырмасын сапалы орындау үшін қажетті ұйымдастырушылық-техникалық мәселелерді шұғыл шешудің маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы мен Ішкі істер министрі полицияның жекелеген пункттеріне барып, қатардағы учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің жұмыс жағдайларын тексерді.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрі халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтарын енгізу оның жеке бақылауында екенін айтты.
Атап айтқанда, Ішкі істер министрінің жеке блогы жұмыс істейді, оған 2020 жылы шамамен 4,5 мың өтініш келіп түсті.

Жаңа “POLISIA.KZ” ақпараттық медиа-порталы іске қосылды.

Әрбір аумақтық полиция департаментінде ведомстволық аккаунттар ашылған, онда халық үшін өзекті ақпараттар орналастырылған (жазылушылардың жалпы саны 980 мыңнан асады).

БАҚ және әлеуметтік желілердегі сыни жарияланымдар бойынша жедел түрде қызметтік тексерулер тағайындалады, олардың нәтижелері дереу жұртшылықтың назарына жеткізіледі.

Қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде ХҚКО қағидаты бойынша азаматтарға арналған 252 қабылдау бөлмесі құрылды, барлық бөлімшелерде кезең-кезеңімен осындай жағдайлар жасалатын болады.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы полиция мен халық арасындағы қарым-қатынас парадигмасын өзгертуге бағытталған жұмысты оң бағалап, құқық қорғау органдарының сапалы жұмысының басты көрсеткіші азаматтардың сенімі болып табылатынын еске салды.

Осыған байланысты, Министрлік басшылығына полиция жұмысын азаматтардың қажеттіліктеріне, олардың құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғалуын қамтамасыз етуге қайта бағдарлау бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды.

Сондай-ақ елордалық полиция департаментінің жеке құрамы қылмыстық процесте және құқық қорғау қызметінің басқа да салаларында азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды.

Сөз соңында Әсет Исекешев қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін реформалау туралы тапсырмаларын сапалы орындаудың маңыздылығына аударып, тиісті іс-шараларды іске асыру барысы Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының бақылауында екенін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру