Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әскери тарихи мұражайда Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған экспозиция ашылды

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери тарихи музейі жаңа экспозициямен толықты. Ол «Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан тарихы» деп аталады. Шара Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

– Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, осы екі саланың тарихын жас қызметкерлерімізге, әскерлерімізге насихат етіп, тарихын білсін деген мақсатта жасалып отырған үлкен игі іс-шара, – деді ҚР ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков.

Шара барысында тарихты танытуға үлес қосып жүрген ҚР Қарулы күштері мемлекеттік тарихи әскери музейінің басшысы Нұртаза Асилов «Ұлттық ұланға 30 жыл» мерейтойлық медалімен, Ішкі істер министрлігі мұражайының қызметкері Алмагүл Сатмағамбетова «Ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» естелік медалімен марапатталды.

Музейдің үшінші қабатында орналасқан экспозицияға 300-ге жуық жәдігер қойылған. Ішкі істер министрлігінің қалыптасу жолындағы құнды құжаттар, қызметте пайдаланылған құрылғы, қарулар бар. Ұлттық ұланның тарихынан сыр шертетін құнды деректер сақталған.

Экспозиция Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери тарихи музейінде қалады. Ішкі істер органдарының 30 жылдағы тарихын енді қала тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады. Ал министрлік жанындағы мұражай қызметкерлері жәдігерлер қатарын үнемі толықтырып отыратын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру