Астана: Алматы ауданы ПБ бастығы халықпен есеп беру кездесуін өткізді
Алматы ауданы ПБ бастығы халықпен есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы полиция басқармасының бастығы Дияс Тоқатов қылмыс жасаудың алдын алу бойынша халықпен есептік кездесу өткізді.
Полиция қызметкері өз сөзін өткен жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын шығарудан бастады.
Жыл қорытындысы бойынша тонау, қарақшылық, ұрлық, қорқытып алу және бұзақылықты тіркеудің төмендеуі байқалады. Барлық санаттар бойынша қылмыстардың ашылуы жақсарды. 112-ден астам іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, жоғалған 77 азаматтың тағдыры анықталды.
Есірткі қылмысына қарсы күресте есірткі сату, жарнамалау және елорда арқылы транзит фактілерін анықтауға баса назар аударылды.
Дияс Тоқатов көрсеткен белсенділігі үшін жұртшылыққа ерекше алғысын білдірді. Азаматтардың ақпараты бойынша 40 есірткі сайты бұғатталған.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарлама іске асырылуда. Қабылданған шаралармен 240 интернет-алаяқтық ашылды, 210 астам заңсыз интернет-ресурстар бұғатталды.
Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының алдына қазіргі заманғы, технологиялық, халықтың сеніміне ие полицияны құру жөнінде міндеттер қойды. Жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде полиция жұмысының сервистік моделін енгізу қамтамасыз етіледі, құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тәсілдері мен құралдары әзірленеді.
Пилоттық жобаларды енгізу басталғаннан бері учаскелік инспекторлардың танылу деңгейі 3 есеге жуық өсті, олардың жұмысының ақпараттық қамтылуы артты.
«Жұртқа жақын полиция» қағидаты іске асырылуда, ол қызметкерлердің қоғамдық орындарда тұрақты болуының әсерін қамтамасыз етеді.
Алматы ауданының аумағында модульдік үлгідегі 5 стационарлық полиция бекеті орнатылған. Учаскелік полиция пункттерінің саны артты.
Өткен жылы қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны – 5,5%-ға төмендеді.
Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп белгіледі. Осыған байланысты мектеп әкімшіліктерімен және ата-аналар комитеттерімен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыс тәсілдері қайта қаралды. Мектеп инспекторларының лауазымдары қысқартылды. Енді ювеналды полиция қызметкерлері мектептерде емес, бекітілген учаскелерде, оның ішінде оқу орындарының аумақтарында профилактиканы қамтамасыз етеді.
Тұрғындармен кездесуде қоғаммен өзара іс-қимыл, полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, сервистік модельге көшу ерекше атап өтілді.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңдылықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында жедел және тергеу қызметкерлерінің кабинеттерінде «үздіксіз бейнебақылау» орнатылған.
Сонымен қатар учаскелік полицейлердің, патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу топтарының бейнетіркегіштерін көру арқылы сараланған бақылау жүзеге асырылады.
Бақылаудың бұл түрі полицейлердің тәртіпті болуына және сыбайлас жемқорлық қауіпін жоюға ықпал етеді.
Халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «жолдарда қабылдау», «аулаларда мобильді қабылдау» акциялары үнемі өткізіліп тұрады.
Учаскелік инспекторлар тұрғындарды үй чаттарына қосу арқылы азаматтармен қашықтықтан қарым-қатынастың форматын жолға қойды.
Криминогендік жағдайдың жай-күйін жақсартуда аудан тұрғындарының да елеулі еңбегі атап өтілді.
Жоғалған азаматтарды іздеуде еріктілер ұйымдары айтарлықтай көмек көрсетеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көмекшілердің белсенді қатысуымен 525-ке жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 87-ге жуық ерікті көмекші марапатталды.
Диас Тоқатовтың айтуынша, құқық қорғау функцияларын орындаумен қатар, полиция халыққа түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Олардың көпшілігі ХҚКО және мамандандырылған ХҚКО арқылы ұсынылады.
Өткен кезеңде 126 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Бұл азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, азаматтық қару-жарақ, жеке куәліктер, төлқұжаттар және тағы басқалар.
Сөз аяқталғаннан кейін ПБ бастығы азаматтардан келіп түскен барлық сұрақтарды тыңдап, белсенді қатысқаны үшін қала тұрғындарына алғысын білдірді.