Астана полицейлері кезекті аккумулятор ұрлығын ашты
Астана полицейлері кезекті аккумулятор ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицейлер КамАЗ аккумуляторларының ұрлаудың үш фактісіне қатысы бар тұлғаны анықтады. Күдікті күндізгі уақытта бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, жүк көліктерінен аккумуляторларын шешіп алған. Бір күнде ол үш көліктен алты аккумуляторды алып кеткен.
Астана қаласы ПД Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған, 30 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ер адам кінәсін мойындады. Ол ұрланған мүлікті аккумуляторларды қабылдау пунктіне сатқан.
Оның тағы бір ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Қоңырау шалу сылтауымен бейтаныс адамның ұялы телефонын алып, мобильді банкингтен оның ақшасын иемденген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Ер адам Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
Аккумуляторлық батареяларды ұрламау үшін Астана қаласының полиция департаменті көлік құралын ашық қалдырмауға, оны күзет дабылы жүйесімен жабдықтауға, автомашиналарды бейнебақылау камераларымен қамтылған, күзетілетін автотұрақтардың аумағында қоюға кеңес береді.