Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада алаяқ жиһаз жасаймын деген желеумен қала тұрғынының ақшасын иемденген

36 жастағы қала тұрғыны жиһаз жасаймын деген желеумен жәбірленушінің ақшасын иемденген. Келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгені құрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала тұрғыны болып табылатын ер азамат полицияға алаяқтың құрбаны болғанын айтып жүгінген. Полицейлер жәбірленушінің интернеттен жиһаз жасау туралы жарнаманы тауып алып, «өндірушіге» сеніп, алдын ала төлем жібергенін анықтады.

Жәбірленушінің айтуынша «өндіруші» келісілген уақытта тапсырысты орындамай, байланысты тоқтатқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері алдамшы алаяқтың кім екенін анықтады. Оның тағы бір алаяқтық дерегіне қатысы бар екендігі белгілі болды. Бұған дейін жер телімін алуға араша түсемін деген желеумен қала тұрғынын алдап кеткен.

Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта оның елордада осыған ұқсас заңсыз әрекеттерді жасауға қатысы бар екені анықталып жатыр. Ер адам Астана қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Астана қаласы полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмас үшін азаматтарды қырағы болуға шақырады. Ақша аудару кезінде өте мұқият болу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру