Астанада балаларын үйде қараусыз қалдырған әйел жауапқа тартылды
Астанада балаларын үйде қараусыз қалдырған әйел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қоғамдық қауіпсіздік» алдын алу іс-шарасы аясында елордалық полицейлер қолайсыз отбасылар бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың жұмысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен ғана шектелмейді. Қызметтің жеке бағыты – ата-аналармен жұмыс.
Өкінішке орай, кейбір ата-аналар өз балаларын тәрбиелеумен тиісті деңгейде айналыспайды. Мұнда алкогольді немесе есірткіні пайдалану, ересектердің азғындық мінез-құлқы, балаларға қатыгездік және т.б. сияқты факторлар бар. Мұның бәрі кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне жақсы әсер етпеуі мүмкін.
– Полиция қызметкерлері «Әр бір бала отбасында өмір сүруі керек!» деген қағидамен жұмыс жасайды. Сондықтан біздің міндетіміз, бала тәрбиесінен жалтаруға тырысатын ата-аналарды барынша дұрыс жолға салу бойынша барлық шараларды қолдану. Өкінішке орай, әр жағдайда жұмыс тек тұрғылықты жері бойынша тексерулермен және сөйлесулермен шектелмейді. Бұл жағдайда біз ата-ана құқықтарын шектеу немесе айыру туралы мәселені алға қою арқылы жауапқа тартуға мәжбүрміз, – дейді Астана қаласы ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нэлля Дощанова.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөліністе жұмыс істеген жылдары жүздеген ата-аналарға балаларын дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік берілді, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
Елордада барлығы 145 осындай отбасы есепте тұр, онда 303 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатыр. Аталған отбасылардың әрқайсысында қалыптасқан жағдай жеке және ерекше тәсілді қажет етеді.
2023 жылдың басынан бастап Астанада бір азамат ата-ана құқығынан шектелді.
Ата-ана міндеттеріне немқұрайлы қараудың соңғы фактілерінің бірі – кәмелетке толмағандарды түнде Медеу көшесіндегі үйде жалғыз қалдыру. 8 жастағы ұл бала мен 5 жастағы қыз бала жалғыз қалған. Бұл туралы сол үйдің көршілері хабарлаған және бұл бірінші рет болған жағдай емес екенін айтқан. Оқиға орын алған кезде 48 жастағы балалардың анасы қайда болғаны белгісіз.
Әйелге қатысты тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Отбасы ювеналды полицияның есебіне алынды. Балалар өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда кәмелетке толмаған балалардың анасына қатысты ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу мәселесі бойынша құжаттарды жинау жүзеге асырылып жатыр.