Астанада ер адамнан есірткі салынған 562 пластик құты тәркіленді
Астанада ер адамнан есірткі заты салынған 562 дана пластик құты тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кезекті есірткі сатушының заңсыз қызметін тоқтатты. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу шеңберінде тәртіп сақшылары елордаға “каннабис майы” есірткі затын жасырын тарату мақсатымен келген 24 жастағы азаматты ұстады.
Жігітті ұстаған кезде тінту барысында киімінің сол жақ қалтасынан салмағы 21 грамм болатын “каннабис майы” есірткі заты бар 10 пластикалық құты табылды. Әрі қарай тергеу әрекеттері барысында пәтерді тінту нәтижесінде ас үйдегі сөреден полиэтилен пакеті тәркіленді, оның ішінде салмағы 270 грамм “каннабис майы” есірткі заты бар 552 дана пластик құты болды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 300 грамм.
Ер адамға қала аумағында есірткіні тарату бойынша “Telegram” әлеуметтік желілері арқылы “жұмыс” ұсынылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Полиция азаматтарға есірткі заттарымен байланысты жасалған кез-келген іс-әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді.