Астанада отбасылық жанжалдардың алдын алуға бағытталған “Қамқорлық” жобасы іске қосылды
Елордада азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында Астана қаласы полиция департаменті тұрақты негізде тиісті шаралар қабылдап келеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауда ұстайды. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Жәбірленушілерді қорғау мақсатында жыл басынан бері елордада 6 441 қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамаларының талаптарын бұзғаны үшін 262 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 565 тұлғаға қатысты сот шешімімен мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.
Сонымен қатар дағдарыстық жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету жүйесі жетілдірілуде. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында №1 қалалық аурухана мен №2 қалалық балалар ауруханасында мамандандырылған кабинеттер ашылды. Мұнда зардап шеккен азаматтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Азаматтарға кешенді қолдау көрсету мақсатында медициналық ұйымдар, “Қорғау Астана” дағдарыс орталығы және Астана қаласы полиция департаменті арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Бұл өзара іс-қимыл қажетті қызметтерді дер кезінде тартып, жәбірленушілерге жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
1-30 қыркүйек аралығында елордада дағдарыстық жағдайларды анықтау тетіктерін жетілдіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және жәбірленушілерге уақтылы көмек көрсетуге бағытталған “Қамқорлық” пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Полиция азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қою, заңда көзделген шараларды қабылдау және бейінді қызметтермен өзара іс-қимыл жасау отбасы-тұрмыстық саладағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтеді.
