Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу: Павлодарда полицейлер студенттермен кездесті
Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттермен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтауға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
- Кездесу барысында студенттерге есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізуге байланысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Сонымен қатар есірткіні қолданудың адам денсаулығына және болашағына тигізетін кері әсері туралы айтылды, – деді Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алмас Баймбет.
Кездесуде әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларына ерекше назар аударылды. Студенттерге кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз сағат 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде жүруі, жол қозғалысы ережелерін бұзу, ұрлық жасау және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қол сұғу үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Сонымен қатар полицейлер Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына қызметке орналасу тәртібі мен кандидаттарға қойылатын талаптар жөнінде ақпарат берді.
Кездесу соңында студенттер құқық қорғау қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті түсіндірмелер алды.
Ювеналды полиция инспекторы заң талаптарын сақтау, жауапты мінез-құлық пен салауатты өмір салты әрбір жастың қауіпсіз болашағының маңызды негізі екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
