Астанада парфюмерия дүкенінен әтір ұрлаған қос бойжеткен бейнебақылау камераларына түсіп қалған
Астанада парфюмерия дүкенінен әтір ұрлаған қос бойжеткен бейнебақылау камераларына түсіп қалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақмола облысының 18 жастағы және Павлодар облысының 17 жастағы тумасын анықтады.
Тергеу барысында жас қыздар сағат 09:40-та Мәңгілік Ел көшесіндегі косметика дүкенінде сөредегі тауарларды қарап жүріп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланып, 49 мың теңгеге 3 дана әйелдер парфюмін жасырын алып шығып, қашып кеткендігі анықталды.
Ұрлық жасалған сәті бутиктің сауда залында орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеру жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті жұмыс орнын қараусыз қалдырмауға, қырағы болуға кеңес береді. Сауда үй-жайларын бейнебақылау камераларымен және күзет дабылдарымен жабдықтау қажет.