Астанада техника дүкенінен ұрлық жасаған азамат ұсталды
Астана қаласы ПД іздеу бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 25 жастағы азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында жігіттің кешкі уақытта Есіл ауданында орналасқан сауда ойын-сауық орталығындағы электронды техника дүкеніне келгені белгілі болды. Сатып алушы кейпінде тауарларды қарап жүріп, қаскүнем әрекеттерін бақылап тұрған куәгерлердің жоқтығына көз жеткізген соң гаджеттер тұрған сөреден құны 80 мың теңгеге жуық тұратын Samsung сымсыз құлаққапты алып кеткен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, жігіттің елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті сауда нүктелерінің иелеріне қырағы болуды және дүкендерде ұрлықтан қорғаудың қосымша шараларын енгізуді ұсынады.