Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

3 күн ішінде 37 жол апаты: Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығы жол қауіпсіздігіне қалай әсер етті

3 күн ішінде 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығы жол қауіпсіздігіне қалай әсер етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында ауа райы нашарлап, қар түріндегі жауын-шашын, жолдың тайғақ болуы, көріну қашықтығының шектелуі байқалуда. Қазіргі уақытта көліктің барлық түрі үшін барлық бағыттағы автомобиль жолы ашық. 280-нен астам полиция қызметкері бекітілген учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Жолдарда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының қатысушыларына барлық көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр.

16 қаңтарда өңір аумағындағы автожолдардың 3 учаскесінде жүк көліктері үшін қозғалыс шектелді, 300-ден астам жүк көлігі тоқтатылды. Полиция қызметкерлері қар құрсауынан 10 жүк көлігін шығарды.

Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин жолдағы жағдайды жеке өзі бақылап, рейдтік іс-шараларға шығып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізді.

– Мені жүргізушілердің жолда полиция қызметкерлерін көріп тұрса да жол ережесін бұзатындығы таң қалдырады. Өкінішке орай, олар бұл іс-шаралардың барлығы адам өмірін сақтап қалу үшін жасалып жатқанын түсінгісі келмейді. Үш күн бойы қалың жауған қар, ауа райының қолайсыздығы, көктайғақ және жолдардың нашар көрінуі салдарынан Жамбыл облысының аумағында 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 4 адам қаза тауып, 12 адам түрлі жарақат алды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, азаматтардың тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асыруда. Алайда біздің күш салуымыз жеткіліксіз, өйткені адамдар жол қозғалысы ережелерін бұзып, сақтық шараларын қолданбауда. Абайсыздық пен немқұрайлылық таныта отырып, олар тек өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі – жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – көшелерді қардан тазарту және көктайғаққа қарсы материалдарды себу. Әкімшілік полиция қызметкерлері бұзушылықтарды анықтап, оларды жақын арада жою туралы нұсқамаларды барлық кемшіліктерді түзетуге тиіс мердігер мекемелерге жіберуде. Алайда мердігерлік мекемелер жұмыс көлемін әрдайым орындай алмайды. Жыл басынан бері қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны үшін 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, – деді Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин.

Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына жол ережелерін мүлтіксіз сақтау, жолда өте мұқият болу қажеттігін ескертеді. Кенеттен маневр жасаудан аулақ болу керек, сонымен қатар жол белгілерінің нұсқамаларын орындау қажет. Сондай-ақ міндетті түрде қысқы дөңгелектермен жабдықталған көлікпен жүру керек. Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауға ерекше назар аударуы қажет. Есіңізде болсын, мұндай жағдайларда автомобильді тежеу қиынға соғады, сондықтан автокөлік жүргізушісі дұрыс және қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен алда келе жатқан көлікке дейінгі қауіпсіз қашықтықты сақтауы керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру