Астанада ұландықтар оқушылар үшін ашық есік күнін өткізді
Астанада ұландықтар оқушылар үшін ашық есік күнін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімі мен Ы.Алтынсарин атындағы Binom school мектебі арасында жасалған меморандум аясында 11-сынып оқушыларына әскери қалашық аумағында экскурсия ұйымдастырылды.
Саптық алаңда әскери техника, атыс қаруының көптеген түрлері орналастырылды. Қонақтар қару түрлерін емін-еркін тамашалап, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.
Офицерлер мен сержанттар келешек Отан қорғаушыларға құқықтық тәртіп әскеріндегі қызмет, атыс қаруы мен әскери өмірдің ерекшеліктері туралы айтып берді.
Мектеп оқушыларына құқық бұзушыны ұстау және есірткі мен жарылғыш заттарды іздеу кезінде қызметтік иттерді қолдану әдістері көрсетілді. Сондай-ақ Құрметті қарауыл ротасының сарбаздары дефиле көрсетті.
– Жоғары сынып оқушыларын елордалық жедел бригадаға шақырудағы басты мақсат – жас ұрпақ арасында Отанға деген патриоттық сезімді, елге қызмет етуге деген құлшынысты ояту. Сондай-ақ Ұлттық ұландағы және жалпы армиядағы қызметті танымал ету көзделді. Сол себепті оларға әскери қызмет барысын көрсеттік, – деді 5573 әскери бөлімі командирінің орынбасары Тимур Рахимов.