Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада ювеналды полиция «Қоғамдық қауіпсіздік» ЖПІШ аясында бірқатар іс-шара өткізді

Астанада ювеналды полицейлер «Қоғамдық қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар іс-шараларды өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазатайым оқиғалардың алдын-алу және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында ағымдағы жылдың 1 ақпанынан 10 наурызға дейінгі аралықта елорда аумағында «Қоғамдық қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Оның аясында елордалық полицейлер №62 мектеп-лицей базасында балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын жетілдіруге бағытталған екі кезеңнен тұратын іс-шараны өткізді.

Бірінші кезеңде 9-11 сынып оқушылары арасында спорттық эстафета болды, онда командалар жолда өзін-өзі ұстау ережелері, жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарын жүргізушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін көрсетті.

Эстафеталық жарысқа әр командада 10 оқушыдан тұратын 9 сыныптан «STOP», «Steam», «Отбасы» және «Жол көліктері» атты 4 командалық топ қатысты. 7 эстафета өткізілді.

Қорытынды бойынша 1-орынды «Паровоз» командасы, 2-орынды «Отбасы» командасы, 3-орынды «STOP» командасы және «Жол көліктері» командасы белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.

Іс-шараның жеңімпаздары мен жүлдегерлері полиция департаментінің дипломдарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Екінші кезеңде полицейлер 8-9 сынып оқушыларымен балалардың жолдағы қауіпсіздігінің негізгі ережелерін үйрететін бейнероликті көрсету арқылы интерактивті сабақ өткізді. Сонымен қатар, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көшедегі жүрісті реттеушінің іс-әрекеттерін көрсетіп, тақырыптық буклеттерді таратты.

Әңгіменің мақсаты – балалардың жол-көлік жарақатының алдын-алу. Тәртіп сақшылары мектеп оқушыларын Астана қаласының аумағында балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының статистикасымен таныстырып, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін атап өтті.

Кездесу барысында патрульдік полиция инспекторлары оқушыларға жолда және жаяу жүргіншілер өткелінде өзін қалай дұрыс ұстау керектігін айтты. Балалармен жүргізілетін мұндай профилактикалық іс-шаралар мектеп оқушыларының мүмкіндігінше жол қауіпсіздігі туралы есте сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған. Дәріс өте қызықты өтіп, оған 200-ге жуық оқушы қатысты.

Астана қаласы ПД-ның ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нэлля Дощанованың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елордада кәмелетке толмағандардың қатысуымен 130 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 141 бала зардап шекті, 1-і қайтыс болды.

Жол-көлік жарақаттануының алдын-алу мақсатында елордалық полицейлер жыл басынан бері 16 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесті, 213 мас жүргізуші ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру