Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жауынгерлік қызмет атқаратын сарбаздар көбейді

Ұлттық ұланның жаңа шақырылымының сарбаздары елордада қызмет ете бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қала тұрғындары мен қонақтарын құқыққа қайшы және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді.

Күн сайын жедел бригаданың мыңнан астам әскери қызметшісі – офицерлер, сержанттар мен сарбаздар екі ауысымда елорданың бес әкімшілік ауданында қызметке кіріседі.

Жауынгерлік қызметтің бірінші күні бөлім командирінің бірінші орынбасары – штаб бастығы Ержан Әбдіқалықов жас сарбаздардың қызметіне табыс тіледі.

– Жауынгерлік қызмет кезінде бригаданың әскери қызметшілері үнемі қылмыс фактілерін ашып, қылмыскерлерді ұстайды. Ұландықтар азаматтарға жоғалған балаларын немесе басқа да туыстарын табуға жиі көмектеседі, – деді ол.

Сондай-ақ әскери қызметшілерді Астана қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ержан Әділбеков және 5573 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Абай Дисенбеков құттықтады.

2023 жылы елордалық бригаданың әскери қызметшілері 3000-нан астам құқық бұзушыны ұстап,  полицияға тапсырғанын атап өту қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру