Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астаналық полицейлер көліктен жасалған ұрлық қылмысының бетін ашты

Астаналық полицейлер көліктен жасалған ұрлық қылмысының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлерге “102” арнасы арқылы қала тұрғынынан белгісіз біреу оның тұрақта тұрған Mercedes автокөлігінен құрылыс заттарын ұрлап кеткені туралы хабарлама түскен. Сарыарқа аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдіктіні құрықтады.

Қаскүнемнің әрекеті қылмыс жасалған аумақта орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны тәртіп сақшыларының күдіктіні құрықтауға көмегі болған.

Анықталғандай, 26 жастағы ер адам тоқтап тұрған көліктердің жанынан өтіп бара жатып, есігі ашық қалған көлікті табамын деп есік тұтқаларын тарта бастаған. Осылай арам ойын іске асырмақ болған азамат Mercedes көлігіне жақындап, жүксалғыштың ашық екеніне көз жеткізіп, балғалы бұрғысын суырып алып, оқиға орнынан “ізін суытқан”.

Ол ұрланған құрылыс материалын ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.

Аталған күдіктіге қатысты көлік құралына заңсыз кіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айғақты заттар алынып, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру