Астаналық тұрғын ұрланған көлікті жанармай құю станциясына тастап кеткен
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігін айдап кетуге қатысы бар 49 жастағы ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күндізгі уақытта Тілендиев көшесіндегі үйдің ауласында ол ашық қалған көліктің салонына кіріп, кілттерді тауып алып, көлікті айдап әкеткен. Содан кейін күдікті ЖҚС барып, онда бір бак бензин құйып алып, энергетикалық сусын ішкеннен кейін, ол есепшотты төлемей қашып кетпекші болған. Алайда, оған басқа біреудің көлігімен кетуге жанармай құю станциясының кассирі кедергі келтіріп, полицияны шақырған. Көліксіз қашып үлгерген күдіктіні полиция қызметкерлері келесі күні ұстады.
Тергеу барысында айдап кетушінің, сол аулада бұрын жасалған көліктен ұрлау дерегіне қатысы бар екендігі анықталды. Түнде ер адам Daewoo Nexia автокөлігінің ашық салонына кіріп, құжаттар салынған сөмкені ұрлап кеткен.
Қазіргі уақытта ол ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция автокөлікті айдап әкету мен салоннан ұрлау көбінесе жүргізушілердің өздерінің немқұрайлы қарауына байланысты болатынын атап өтті. Көлік құралын қалдырған кезде, барлық құнды заттарды салоннан өзіңізбен бірге алып жүруді ұмытпаңыз. Жүргізушілерге көлік құралын күзет дабылымен жабдықтауды, кетер алдында автокөлікті жауып, күзетілетін тұрақтарға қоюды ұсынамыз.