Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысы аумағында қос азаматтықпен жүрген 5 адам анықталды

Атырау облысы аумағында қос азаматтықпен жүрген бес адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды. Егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол кезден бастап Қазақстан Республикасының азаматтығы сақталмайды.

– Атырау облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасы ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығының жеке басын куәландыратын құжаты бар және басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған бес азаматты анықтады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.

Аталған азаматтардың барлығы да Қазақстан Республикасының азаматтығымен қоса Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдағандар. Осыған байланысты оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлімімен (Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылып, процесуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлімінде көзделген құқық бұзушылықтарға әкімшілік айыппұлдан өзге Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкімшілік жолмен шығарып жіберу шарасы көзделген.

Ал өткен жылы 33 адамның тарапынан қос азаматтық фактілері анықталып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлімімен әкімшілік хаттамалар толтырылған болатын. Сот шешімдеріне сай тоғыз азаматқа еліміздің аумағынан әкімшілік жолмен тысқары шығарып жіберу шарасы алынса, 24 азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды.

Өз кезегінде полицейлер Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес басқа елдің азаматтығын қабылдаған азаматтар 30 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды тіркеу туралы тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жүгіну қажеттілігін және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын тапсыру міндеттілігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру