Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысы Полиция департаментінде жедел кеңес өтті

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің төрағалығымен атыраулық полицейлердің 2021 жылы атқарған жұмыс нәтижесін қорытындылау мақсатында жедел кеңес отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел кеңеске департамент бастығының орынбасарлары мен барлық құрылымдық бөлініс бастықтары қатысты.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полиция жұмысын «сервистік модельге» көшіруді тапсырды. Бұл тапсырма ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тұрақты және қатаң бақылауында. Белгілі болғандай, халықпен үнемі байланыста болатын учаскелік полиция инспекторларының жұмысы жіті назарда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Полиция қадамдық қолжетімділікте» тұжырымдамаларын іске асыру туралы тапсырмаларын орындау мәселелері, ІІО-ның әкімшілік ғимараттарында үздіксіз бейнебақылау жүйесін енгізу, қаладағы құқық тәртібін, жазатайым оқиғаларды азайту, сонымен қатар жеке құрам арасындағы тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер алдыңғы қатарға қойылды. Ішкі істер министрі 2022 жылды жол-көлік оқиғаларын азайту жылы деп жариялағанын атап өткім келеді. Осыған орай, әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметіне қаладағы жол-көлік оқиғаларының деңгейіне егжей-тегжейлі талдау жасап, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін анықтауды, жол қозғалысын қадағалауды тапсырамын, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Өз сөзінде ол өңірдегі жедел жағдайға тоқталып, қылмысты ашудағы негізгі көрсеткіштердің жақсарғанын және қабылданып жатқан алдын алу шараларын атап өтті.

Жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны едәуір төмендеп отыр.
Адам өлтіру 20,8%-ға, ұрлық 17,4%-ға, бұзақылық қылмыстары 23,0%-ға азайды.

Сондай-ақ, бұрын сотталғандармен жасалған қылмыс 43,9%-ға, кәмелетке толмағандармен 46,0%-ға және мас күйде жасалған қылмыс саны 32,5%-ға төмендеді. Ұрлық қылмыстарының алдын алу бағытында жүргізілген іс-шаралар барысында облыс көлемінде тіркелген жалпы ұрлық қылмыстарының саны 17,4%-ға, соның ішінде пәтер ұрлықтары 21,6%-ға, мал ұрлығы 50%-ға төмендеді.

Ұрлық қылмысымен айналысқан 18 қылмыстық топ құрықталып, оларға қатысты 100 факті ұрлық қылмысы дәлелденді. Сондай-ақ, «өткен жылдар есебінен» 69 ұрлық қылмысы ашылды.
Есепті мерзімде облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 72 қылмыс тіркеліп, оның 26-сы синтетикалық есірткілеріне қатысты.Аса ірі көлемде есірткі сақтаудың алты фактісі анықталды, оның төртеуі синтетикалық есірткіні сақтау дерегі.

«Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша халықпен өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында облыс әкімдігіне қызметтік үй-жайларымен біріктірілген 57 учаскелік полиция пункттерін кезең-кезеңімен салуға ұсыныстар берілді. Қазіргі уақытта облыс көлеміндегі 92 учаскелік полиция пункттерінің 24-і тұрғын үймен біріктірілген. Сонымен қатар, адамдардың көп шоғырланатын жерлеріне сегіз модульді стационарлық бекеттер орнатылды. Қазіргі уақытта облыс бойынша қосымша жеті стационарлық бекеттерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Учаскелік полиция бекеттері тиісті құрал-жабдықтармен, компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа, облыстағы полиция органдарының барлық жеке құрам қызметкерлері толықтай тасымалды бейнетіркеуіштермен және планшеттермен толық қамтылған.

Жедел кеңесте департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев жиынға қатысушыларға министр тапсырған құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің басым бағыттарды жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру