Атырау облысында төтенше жағдай кезіндегі талаптарды бұзған 137 факті тіркелді
Атырау облысында төтенше жағдай кезіндегі талаптарды бұзған 137 факті тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі күні Атырау облысы аумағында төтенше жағдай кезіндегі талаптарды бұзған 137 факті тіркелді. Алкоголь өнімін сатқан нысандар да анықталуда. Төтенше жағдай талаптарын бұзған барлық фактіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады.
Атырау облысында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы бұзақы топтар күш қолданып, қорғаныс құралдарын тартып алған деректері тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Төтенше жағдай кезінде жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде қазіргі таңда блок-бекеттерден 10-нан астам аңшы пышағы, Атырау қаласы аумағында бес адамнан 896 таблетка түріндегі, 236 ампула, 150 түтікке салынған жоғары әсері бар психотроптық дәрілер мен екі тапанша тәркіленді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан барлығы 497 адам анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Сондай-ақ, аймақта антитеррорлық операция жалғасуда.
– Төтенше жағдайда атқарылатын қызметтің басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан осы бағытта қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары мен өзге де жауапты мамандардың жұмысына түсіністікпен қарауға, терроризмге қарсы операциялар кезіндегі шектеулерге сабырлық танытып, сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Арандатушылыққа жол бермей, күдікті фактілерді байқасаңыз, міндетті түрде полицияға хабар беруді сұраймын. Сондай-ақ, жалған ақпараттар таратпауға шақырамын. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес мұндай әрекеттер үшін үш жылдан жеті жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арнайы штаб өз жұмысын жалғастыруда. Тұрғындар “109” операторынан бөлек, 98-10-04 нөміріне де хабарласып, төтенше жағдайға қатысты сұрақтарын қоя алады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.