Атырау облысының полиция департаменті оқушыларға арнап ашық есік күнін өткізді
Атырау облысы ПД анықтау басқармасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен Әль-Фараби атындағы BINOM мектебінің оқушылары үшін департаментте ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында оқушыларға полицияның қызметі туралы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар, оның ішінде жол-көлік оқиғалары мен есірткі қылмыстары туралы және олардың жауапкершілігі мен зияны, кәмелет жасқа толмағандардың жыныстық сауаттылығы тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар оқушылар жедел-криминалистикалық басқармасының арнайы жабдықталған полигондарында оқиға орнында тергеу іс-шараларын жүргізумен, қылмысты табу, тіркеу, ізді алу барысымен танысып, департаменттің мұражайында полиция қызметкерлерінің әр жылдары қызмет бабында қолданған техникалық құрал-жабдықтарымен, алғашқы милиция қызметкерлерінің киім үлгілерімен танысты. Атырау облысы ішкі істер органдарының тарихын танып, қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің қызмет жолдары, олардың ел үшін жасаған ерліктері туралы ақпарат алды.
Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева оқушыларға есірткінің адам ағзасына зияны мен есірткі қылмысының жауапкершілігі туралы түсіндірді.
Кездесу соңында оқушылар департаменттің тапсырысымен түсірілген есірткі зияны туралы «Trauma» қысқа метражды фильмін тамашалады.