Атырау тасжолдарында автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді
Атырауда республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Атырауда облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы республикалық Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Атырау-Орал және облыстық маңызы бар Атырау-Индер тас жолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылды. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті жылдамдықты шамадан тыс арттырған көлік құралдарын анықтап, сол көлік құралы жүргізушілерін заңда көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Атырау қаласында “Сергек” құрылғысының орнатылуына байланысты Атырау қаласындағы бұрынғы қолданыстағы 17 дана «Кардон» жылдамдық өлшегіш құрылғыларын республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарға қайта орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 3-уі орнатылды. Ал, қалған 14 данасын авариялық – қауіпті орындарға орналастыру жоспарлануда.Айта кетейік, Атырау облысы аумағында Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері республикалық маңызы бар тас жолдарда жыл басынан бері жылдамдық асырған 11 905 фактіні анықтап, жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырып, айыппұлдар салды.