Атырауда аудан тұрғынының үйінен 106 дана киік мүйізі табылды
Атыраулық полицейлер аудан тұрғынның үйінен заңсыз сақталған 106 дана киік мүйізін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылының 34 жастағы тұрғыны өз үйінде 106 киік мүйізі мен екі дана тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы мылтығын заңсыз сақтаған.
Тексеру барысында полицейлер аталған азаматтың түнгі уақытта «Yaqi» мотокөлігімен заңсыз аңшылықпен айналысып жүргенін анықтады.
Сондай-ақ, Балқұдық ауылының маңынан мүйіздері кесілген төрт киіктің денесі табылды.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 3-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.