Атырауда бөгде біреудің атынан несие рәсімдеген павлодарлық алаяқ ұсталды
Атырауда бөгде біреудің атынан несие рәсімдеген павлодарлық алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 шілде күні Атырау қаласының 40 жастағы тұрғыны полицияға өзінің ұялы телефондағы банк қосымшасы арқылы белгісіз біреу 1 000 000 теңге несие рәсімдегені туралы арызданған. Жәбірленушінің атына интернет арқылы несие рәсімдеген алаяқ Павлодар облысының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Осыған сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
– Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдаланған жағдайда, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.