Атырауда ерекше автобус анықталды
Атырауда полиция қызметкерлері салонына керуеттер қойып, адам тасымалдаумен айналысқан автобусты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында «Береке» ықшам ауданында «Vanffool» маркалы автобусты тоқтатқан. Атырау-Шымкент бағытында адам тасымалдаумен айналысатын автобус салонын тексеру кезінде аталған автобустың жүргізушілерінің көлік құралын «дөңгелектері бар қонақ үйге» айналдырғанын анықтады.
Салон ішінде жолаушы креслоларының орнына барлығы 28 дана екі қабатты керует орнатылған, онда ұйықтап жатқан 17 жолаушы анықталды. Тексеру барысында автобустың екі жүргізушісінің де Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары екені, автобустың Шымкент қаласына бағыт алғаны белгілі болды.
Жүргізушілердің біріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5,7 және 8-бөліктері (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабының 2-бөлігі (Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 572-бабының 1-бөлігі (Жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы) бойынша хаттамалар толтырылды. Автобус арнайы тұраққа қойылды.