Атырауда полицейлерден қашпақ болған мас жүргізуші ұсталды
Атырауда полицейлерден қашпақ болған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 қазан күні сағат 23:55 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына белгісіз ер адам қоңырау шалып, Құрманғазы көшесі бойында Reno Duster автокөлігін мас күйде жүргізіп бара жатқандығы жөнінде хабарлама берген.
Хабарлама бойынша Жедел басқару орталығының қызметкерлері дереу түрде жақын маңдағы бейнекамералар арқылы қарап, аталған автокөліктің Атырау-Орал айналма жолынан өтіп, Атырау мөлтек ауданы мен Вокзал маңы мөлтек ауданындағы көпір үстімен қозғалып келе жатқандығын анықтап, қызметкерлерге бағыттама берген.
Бағыттама алған патрульдік полиция қызметкерлері Reno Duster автокөлігін байқап, тоқтатуға нұсқау берген кезде автокөлік иесі тәртіп сақшыларына бағынбай, қашқан.
Алайда көлік иесі тез арада ұсталып, оның жүргізушісі 50 жастағы қала тұрғыны екендігі белгілі болды. Медициналық сараптаманың қорытындысымен азаматтың көлікті мас күйінде басқарғандығы дәлелденді.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1 бөлімімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Одан басқа, ҚР ӘҚбтК-нің 599-бабының 1-бөлімімен (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), ҚР ӘҚбтК-нің 595-бабының 1-бөлімімен (Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау ), ҚР ӘҚбтК-нің 606-бабының 1-бөлімімен (Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы), ҚР ӘҚбтК-нің 613-бабының 1-бөлімімен (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) әкімішілк хаттамалар жасақталып, барлығы 160 435 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетейік, аталған азамат полиция қызметкерлерінен қашу кезінде жылдамдықты асырғаны үшін екі рет “Сергек” аппаратты бағдарламалық кешендеріне түскен.