Атырауда пробация қызметкеріне «сыйақы» бермекші болған сотталған айыппұл арқалады
Атырауда пробация қызметкеріне «сыйақы» бермекші болған сотталған айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне бірлік салғаны үшін есепте тұрған сотталған 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды. Нақтырақ айтқанда, Атырау қалалық пробация қызметінің бақылауында жүрген А. есімді сотталған қалалық пробация қызметкерлерінің ұялы телефон нөміріне 1000 теңге бірлік салған. Заңға сәйкес ол «сыйақы» болып табылады.
Пробация қызметкері сотталғанның іс-әрекеті туралы Өзіндік қауіпсіздік қызметіне баяндаған.
Өз кезегінде, заңсыз сыйақы бойынша тиісті құжаттар жинақталып, Атырау облысының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолданды. Лауазымды тұлғаға заңсыз сыйақы бергені үшін аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабына сәйкес хаттама толтырылып, сот қаулысымен 291 700 тг айыппұл салынды.