Атырауда сотталғандар коронавирусқа қарсы екпе алды
Атыраудағы тергеу изоляторында жазасын өтеуге шаруашылық қызметіне қалдырылған ер адамдар ерікті түрде коронавирусқа қарсы екпе алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 мекемесінің хабарлауынша, 10-нан астам сотталған мекемеде шаруашылық қызметіне қалдырылған. Олар – аспаз, аспаз көмекшісі, аула сыпырушы секілді қызметте жұмыс істейді.
– Екпені ерікті түрде алдым. Түрмеде отырсақ та, екпе алуға жағдай жасаған мекеме басшылығына алғыс айтамын. Екпе алғаннан кейін шәй ішіп, 30 минут дәрігер бақылауында болдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, – дейді ұрлық бабы үшін сотталған Тілеген.
Енді 21 күннен кейін сотталғандар вакцинаның ІІ компонентін алады. Барлығы тәулік бойы дәрігер қабылдауында болады.