Атырауда сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылды
Атырауда сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда пәтерлерге ұрлыққа түсіп, құнды заттарды қолды қылғаны үшін ҚР ҚК 188-бабымен(Ұрлық) 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, тұрақты жұмысы немесе оқуда жоқ болған жағдайда жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасына сотталған 21 жастағы Айбек мәжбүрлі еңбекке тартылды. Енді ол Атырау көшелерін сыпырып, қала тазалығына өз үлесін қосады.
– Қылмысымды мойындаймын. Бірақ көше сыпырамын деп ойламыппын. Кейді қоқыс та тазалаймыз. Бұрын бұл жұмыстың ауыр екенін білмей, көшеге жиі қоқыс лақтыратын едім. Енді ойым өзгерді, – дейді сотталған Айбек.
Жазасын өтегеннен кейін, Айбек колледждегі оқуын аяқтағысы келеді.
Мәжбүрлі еңбек пен қоғамдық жұмысқа тартылған сотталғандарға жұмыс орындарынан тексерістер жүргізіледі. Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде 800-ден астам адам тұр.