Атырауда тәуліктік пәтерді жалға алған әйел тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзды
Атырауда тәуліктік пәтерді жалға алған әйел тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 желтоқсан күні сағат 01:00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының «102» операторына Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұратын тұрғын қоңырау шалып, көршілерінің түнгі тыныштығын бұзып жатқандығы туралы хабарлама берген.
Хабарламаны тексеру кезінде пәтерді тәулікке жалға алған 30 жастағы әйел анықталды. Ол пәтер ішінде әуен қосып, көршілерінің мазасын алған.
Аталған азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігімен (Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіріп, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу) әкімшілік хаттама жасақталып, 14 585 теңге көлемінде көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар тәуліктік пәтер иесінен түсініктеме алынып, пәтерді жалға беру дерегінің заңдылығын тексеру үшін мәліметтер Атырау қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері қала аумағында түнгі тыныштықты бұзған 1 500 жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.