Атырауда тұрғын үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргені анықталды
Атырау полицейлері қарасора өсімдігін заңсыз өсірген атыраулық тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде тағы бір қылмыстың бетін ашты. Атырау тұрғыны Химиктер поселкесіндегі үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргені анықталды. Тексеру барысында, полицейлер ауладан төрт түп есірткі шөбін тәркіледі.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабы 1-бөлігімен «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, аталмыш акция басталғалы Атырау полицейлері ҚР ҚК-нің 297-бабы – «Есірткі заттарын сату» бойынша , ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлімі –
«Есірткі, психотроптық заттарды сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» және ҚР ҚК-нің 300-бабы – «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша барлығы 10-нан астам дерек анықталды.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
– Биыл 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2020» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымын анықтап, жабайы қарасораны заңсыз саудасына тосқауыл қою, – деп атап өтті Атырау облысының бас полицейі полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.