Атырауда жол-көлік оқиғасынан кейін жәбірленушіге көмек көрсетпей кетіп қалған жүргізуші ұсталды
Атырауда жолдағы жөндеу жұмыстарына назар аудармай, арнайы белгіге соғып, салдарынан жарақат алған арнайы автобаза жұмысшысына медициналық көмек көрсетпей кетіп қалған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қаңтар күні сағат 10:30 шамасында Сәтпаев көшесінде орналасқан орталық көпірде маркасы мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісіз автокөлік “Жолда жұмыстар жүргізіліп жатыр” деген белгіге соғып, соққы екпінімен темір кедергі жол жиегінде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан 1980 жылы туған «Арнайы автобаза» мекемесінің жұмысшысына тиіп, соның салдарынан жол бойын тазалап жүрген жұмысшы жарақат алған.
Алайда белгісіз автокөлік жүргізушісі жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.
Атырау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері аталған автокөлікті анықтау бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде сол күні “Toyota Hilux” маркалы автокөлігінің тізгінінде отырған 1964 жылы туған қала тұрғынын анықтады.
Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты материалдар жинақталуда.