Атыраулық полицейлер бірнеше пәтерге ұрлыққа түскен екеуді ұстады
Атыраулық полицейлер бірнеше пәтерге ұрлыққа түскен екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қазан сағат 15:00 шамасында екі күдікті алдын ала сөз байласып, Өркен ықшам ауданындағы үйлердің бірінің сыртқы пластикалық терезесін ығыстырып, 37 жастағы әйелге тиесілі тонын, бағалы қол сағатын, спорттық аяқ киімін және Samsung маркалы ұялы телефонын ұрлап алып, оқиға болған жерден қашып кеткен. Нәтижесінде жәбірленушіге 535 000 теңге материалдық шығын келтірілген.
Одан әрі аталған екі адам 18 қазан күні сағат 13:30 шамасында Өркен ықшам ауданындағы тағы бір үйге пластикалық терезесі арқылы кіріп, 37 жастағы азаматшаға тиесілі Samsung маркалы теледидарын, Youtube-каналын жалғауға арналған приставка, құндыз теріден жасалған тонын, құнды күртешесін және Smart-сағатын ұрлап кеткен. Нәтижесінде жәбірленушіге 605 000 теңге материалдық шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде 29 және 23 жастағы қала тұрғындары ұсталып, олардан айғақ заттар тәркіленіп, тергеу изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, екі ер адамның да бұрын-соңды ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша сотты болғандығы белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 2,3-бөліктерімен қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта тергеп-тексеру жүргізіліп, олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.