«Автобус» іс-шарасы: Атырауда 70-ке жуық жүргізуші жауапқа тартылды
Атырауда 70-ке жуық автобус жүргізушісі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 7-9 маусым аралығында облыс аумағында жолаушылар көлігі жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау мен жолын кесуге бағытталған «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Мәселен, Атырау облысында іс-шараның бір күні ғана полицейлер бірден 69 бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде алтауы ҚР ӘҚБтК 571-бабының 2 және 3-бөлімдері бойынша (Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу), екі бұзушылық 590-бабының 7-бөлімі бойынша (Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтау), 11 бұзушылық 590-бабының 9-бөлімі бойынша (Техникалық байқаудан өтпеген), 591-бап бойынша (Рульде телефонды немесе радиостанцияны пайдалану) – 20, 592-бап бойынша (Жылдамдықты арттыру) – екеу, 595-бап бойынша (Маневр жасау ережелерін бұзу) – 12, алты бұзушылық 230-бабының 7-бөлімі бойынша (ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу).
Айып тұрағына бір автобус қамалды, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды.
Барлық тәртіп бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.