Автокөлік бөлшектерін ұрлап, желіде сатқан елордалық тұрғын құрықталды
Астаналық тұрғын ұрланған катализаторлар мен автокөлік бөлшектерін ОLX.kz хабарландыру сайты арқылы сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының полиция қызметкерлері катализаторлар мен автокөлік бөлшектерін ұрлаумен айналысқан 25 жастағы астаналықты анықтады. Қазіргі уақытта күдіктінің елорда аумағында осындай үш қылмысқа қатысының бары белгілі болды.
Сонымен, күдікті түнде Сауран көшесіндегі үйдің ауласында ол Kia Sportage автокөлігінің капотын ашып, автобөлшектерін қозғалтқыштан шешіп алған, содан кейін қолында бар құралдардың көмегімен катализаторды кесіп алған. Өз әрекеттерімен күдікті 250 мың теңге көлемінде залал келтірген. Кейін жігіт автокөлік бөлшектерін OLX.kz сайтында сатқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті мойындау көрсетпелерін берді, автокөлік бөлшектерінің бір бөлігі тәркіленді, ұрланған катализаторларды іздеу жүргізіліп жатыр. Оның елорда аумағында бұрын жасалған тағы осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция департаменті автокөлік иелеріне көліктерден ұрлықты болдырмау үшін дабыл орнатуды, сондай-ақ өз көліктерін күзетілетін автотұрақтарға немесе бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындарға қоюды ұсынады.
Азаматтарға қылмыстық жолмен көрінеу өндірілген мүлікті сатып алу немесе өткізу ҚР ҚК-нің 196-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеміз.