Автокөлік ұрылары Алматы маңындағы көліктерді тонап келген
Алматы облысы Қарасай ауданының полицейлері екі ай бойы автокөліктерді тонап келген ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тонау деректерінің бұл толқыны мамыр, маусым айларында Қарасай ауданында орналасқан Береке, Ұлан және Жамбыл ауылдарында болған. Негізінен тонау дерегі түнгі уақытта тұрғын үйлердің ауласындағы автокөліктерде орын алған. Аталған деректертердегі ұрының қолтаңбасы бұл қылмыстардың бір адамға тиесілі екенін көрсеткен.
Ұрланған заттардың тізімінде ұялы телефондар, ақша, қосалқы доңғалақтар, автомагнитолдар, колонкалар, бейнетіркегіштер және басқа да мүліктер бар. Осылайша, ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармағы «Ұрлық» бойынша 11 дерек тіркелген. Келтірілген шығынның сомасы 500 мың теңгеге жуық.
Есепке алынған контингенттің қатыстылығын пысықтау барысында учаскелік және криминалдық полицияның жедел уәкілдері түнгі ұрылардың ізіне шыққан. Күдіктілердің Шамалған станциясының 29, 27, 25 және 21 жастағы төрт тұрғыны екені анықталды. Олардың барлығын біріктірген – олардың жұмыссыздығы, күдіктілер сол себепті де түнгі ұрлыққа шыққан. Ұсталғаннан кейін олардың әрқайсысы полицейлерге ұрланған мүлктен алған өз бөліктерін табыстады. Тәркіленген заттардың барлығы ресми рәсімдерден және айғақ зат ретінде танылғаннан кейін заңды иелеріне қайтарылды. Эпизодтардың көптігі ескеріле отырып, барлық төрт күдікті де қамаққа алынды.