Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қоғам тыныштығын күзеткен отбасының қызмет өтілі 200-жыл”

Атырау облысындағы атадан әкеге, балаға, немереге жалғасқан Меңдіғалиевтер әулетінің ішкі істер саласындағы қызметтеріне бүгінде 200-жыл толып отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Отан соғысының және ішкі істер саласының ардагері полиция полковнигі Нығмет Меңдіғалиевтың өткен өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Атырау облысында Меңдіғалиевтер отбасын білмейтіндер кемде-кем.

Нығмет Меңдіғалиев ішкі істер органдарында қатардағы жедел уәкілден бастап, жылдар өте аудандық, қалалық ІІБ бастығы болды, салада 40-жылға жуық қызмет атқарды. Зайыбы Үміт Қаңқашевамен алты ұл, бір қыз өсірді.
Ішкі істер саласында бүгінде олардың 4-ұрпағы қызмет атқаруда.

Өз өмірлерін қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету жолына арнаған
ұлдары Манарбек, Асылбек, Өмірбек, Бекболат ішкі істер саласында әке ізін жалғастырып, абыроймен қызмет атқарды. Өздері зейнеткерлік демалыста, ал олардың ұл-қыздары, Нығмет ағаның немерелеріі әлі де қатарда-сапта.

Нығмет Өтепұлы Меңдіғалиев Ұлы Отан
соғысынан туған жеріне 1947 жылы аман-сау оралады.

 


Елде қылмыс пен құқықбұзушылықтар көп болмағанмен, белең алып отырған кез еді. Әскери тәртіпке шыңдалған жас жігіт, көп ойланбастан, қоғамдық тәртіпті сақтау жолына араласуға бел буады.

1948 жылы ол жолдамамен ІІМ Харьков қаласындағы арнайы мектепке түсіп, 1951 жылы аяқтап шығады.

Новобогат аудандық ІІБ жедел уәкіл,
кейін аға жедел уәкіл лауазымдарында болады. Жедел қызметте кәсіби шеберлігі мен сауаттылығы, ұйымдастыру қабілеттері ескеріліп, 1966 жылы Нығмет Өтепұлын қылмыстық ахуалы күрделі Мақат ауданық милиция бөлімі бастығы етіп тағайындайды.
Аудан көлемінде болған қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға талдау жасап, әрқайсысын сараптап, ойлана келе жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлардың жұмысын жаңаша ұйымдастырады. Нәтиже көп күттірмейді, ұрлық, бұзақылық, ең бастысы ауыл жастары арасындағы бөлініп, жиі болып тұратын төбелес азайады. Тұрғындар жаңа басшыға риза. Сол жылдары Нығмет Өтепұлы ІІМ, ІІБ басшылығы тарапынан сан мәрте мақтаулар мен марааттарға ие болады.
Н.Меңдіғалиевты 1974 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қалалық ішкі істер бөлімі бастығына тағайындауға ұсыныс түседі. Нығмет Өтепұлы өзіне білдірген сенімнен шықты, алдымен кадрлерді іріктеді, облыс орталығы мен шеткі аумақтарындағы ахуалға ықпал етуші қылмыс “әлемінің басшылары” ұстала бастады, қылмыстың ашылуы жоғарылады.
Тәжірибесі мол басшыны кейін Индер аудандық ішкі істер бөлімін басқаруға жібереді.
Полиция полковнигі Нығмет Меңдіғалиев 1985 жылдың шілде айында зейнеткерлікке шығады.

Нығмет Өтепұлы өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, беделімен көп құрметіне бөленген жан.
Облыс полиция департаментінің мұражайындағы Соғыс және ІІО ардагерлерінің фото суреттері арасында омырауында “Қызыл Жұлдыз” ордені мен бірнеше медальдары жарқыраған ағамыздың да суреті тұр.
Соғыста шыңдалып, бейбіт өмірде халық тыныштығын қамтамасыз етуге аянбай тер төккен полиция полковнигі Нығмет Өтепұлының өмір жолдары өнегелі жол.
Бүгінде ардақты жанның есімі елінің есінде. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Нығмет Өтепұлы Меңдіғалиевтың атына Атырау облысының Индер ауданы орталығында көше берілді. Бұл ІІО қызметкерлері мен ардақты жанның ұрпақтарына мақтаныш.

– Әрқашанда адамгершілік қасиетті биік ұстап, әділ болыңдар. Алдарыңа дұрыс мақсат қойып, орындай біліңдер, – дейтін ұлдарына Нығмет Өтепұлы.

Ұлағатты әкенің жолын қуған Манарбек, Асылбек, Өмірбек , Бекболат ішкі істер саласына әрқайсысы ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Олар әке аманаты- тәртіп уәдесінен таймады. Әке берген өсиетті бұйрықтай орындады. Шаңырақтың тағы екі ұлдары Жәнібек пен Әлібек ішкі стер саласына араласпағанмен өмірден өз орындарын тапты.
Бүгінде ата жолын, әке жолын немерелері жалғастырды.

Меңдіғалиевтар әулетімен полицей мамандығы егіз ұғымға айналып кеткендей.Өйткені бір әулеттен ондаған милиция-полиция қызметкерлерінің шығуы сирек кездесетін жағдай. Дана қазақ “Атаға қарап ұл өсер” деп тегіннен тегін айтпаса керек. Өйткені отбасындағы бала әке-шешенің үлгі-өнегесін көріп өседі. Ардақты әке мен ананың ыстық ықыласы мен мол махаббатына бөленіп өскен ағайынды Меңдіғалиевтердің бойында адамгершілік алдыңғы орында.

Атадан әкеге, балаға, немереге жалғасқан Меңдіғалиевтер әулетінің ішкі істер саласындағы қызметтеріне бүгінде 200-жыл толып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру