Азаматтық қоғамдық өмірге бейімдеу шаралары жалғасып жатыр
Пробация есебінде тұрған зайсандық істі болғандар мұражайда болды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Зайсан аудандық пробация қызметі бөлімі мен Зайсан ауданы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы іс-шара ұйымдастырды. Пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар Зайсан тарихи өлкетану мұражайына келіп, ауданның бай тарихымен танысып қайтты.
Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат- азаматтарды қоғамдық өмірге бейімдеу, қоғамға дағдыландыру. Азаматтар мұражайды еркін аралап, құнды жәдігерлерді көзбен көріп, олардың шежірелі тарихымен танысты. Мұражай қызметкері азаматтарға қызықты оқиғалар мен тарихи деректерді келтіре отырып түсіндіріп шықты.
Жалпы пробация қызметінің мақсаты-азаматтардың өмірде жасаған қателігін ұғындырып, алдағы өмір сүру барысында оның адаспай өмірден өз орнын табысуына көмек көрсету. Алдағы уақытта да шаралар жалғасын табатын болады.