Балаларды қорғау күні: Алматы полициясы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты
Алматы полициясы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар табыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы Полиция департаментінің қызметкерлері жылы тілектерімен №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне спорттық жабдықтарды тапсырды. Спорттық формалар, қалпақшалар, доптар, ракеткалар, шарлар, бокстың керек-жарақтары және басқалары жазда, демалыста балалардың белсенді ойын-сауықтарына арналған.
– Өкінішке орай, карантиндік шараларға байланысты өз қолымызбен тапсыра алмадық және олармен спорттық матч өткізе алмадық. Алайда біздің инспекторлар оларды телефонмен құттықтады, ал балалар өз кезегінде ризашылықтарын білдіретін бейнелермен жауап берді. Балалардың бізді ұмытпағанына өте қуаныштымыз, ал сыйлықтарымыз оларды қуантты. Осы мекеменің тұрғындарының қайсысы спортты жақсы көретіндігі есімізде және олардың нәтижелерін білеміз. Спорттық мансабында халықаралық жетістіктерге жеткен көптеген бала осы балалар үйінде тәрбиеленді. Осы арада біз жаздың белсенді және көңілді өтуін тілейміз. Жақын арада санитарлық-эпидемиологиялық жағдай балаларға арналған қызықты іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Алматы қалалық ПД Арнайы және жұмылдыру дайындық басқармасының бастығы Қуаныш Құлатаев.