Балқашта жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Балқашта жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қазанда Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне медициналық мекемеден хабарлама келіп түсті. 62 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны түрлі дене жарақаттарымен мекемеге жеткізілген.
Жәбірленуші жолдан өтіп бара жатқанда, оны ГАЗель көлігімен келе жатқан белгісіз жүргізуші қағып кеткен. Жәбірленушіге көмек көрсетпей, жол-көлік оқиғасы жасаған адам оқиға орнынан қашып кеткен.
Жаяу жүргіншімен соқтығысу бейнебақылау камерасына жазылған. Полиция қызметкерлері бейнежазбаны тексергеннен кейін күдікті – 60 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.