Дархан Базарбаевтың отбасына қолдау көрсетілді
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың отбасына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетті.
Солтүстік Қазақстан облысы жергілікті полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі подполковник Ерлан Мәдиев
Лаврентьевка ауылына арнайы келіп , Дарханның отбасымен кездесті.
25 қаңтарда Қостанай облысы ЖП бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев әріптесімен бірге батырдың ата-анасы мен жұбайына барды.
-Бұл үлкен орны толмас қаза. Оны толтыру мүмкін емес, иманы саламат болсын! Біз, барлық облыстардағы әріптестері қатарымыздан жолдасымыз кеткеніне өкінеміз. Оның ерлігі барлығына үлгі болады, – деп подполковник Ерлан Мәдиев Дарханның ата-анасына көңіл айтты.
Жол-патрульдік полициясының барлық инспекторлары ұйымшылдықты көрсетті.
-Біздің әріптесіміз Дархан Базарбаев шын мәнінде ұлт батыры болды.
Бүгін бүкіл ел оның ерлігін айтып жүр. Оның ұлы болашақта әкесін мақтан ететін болады. Біз оның отбасына әрдайым көмектесіп, қолдау көрсетуге уәде береміз. Жақын күндері ІІБ – ның барлық қызметкерлері Базарбаевтардың шотына бір күндік жалақыларын аударады, – деп атап өтті Қостанай облысы ЖП бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.
Ерлан Мадиев облыстық балалар ауруханасында жатқан марқұмның жұбайы Мөлдір мен ұлы Әли Сұлтанның хәлін сұрауға барды.
Солтүстік Қазақстан облысы патрульдік полициясы батальонының командирі барлық әріптестерінің атынан көңіл айтты.