Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батыс Қазақстан облысында сотталғандар арасында интеллектуалды сайыс өткізілді

Батыс Қазақстан облысында сотталғандар арасында интеллектуалды сайыс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

6 сәуір «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен БҚО бойынша ҚАЖД қарасты РУ-170/2 түзету мекемесінде терроризм және экстремизм бабымен жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында «Рахым айы – Рамазан» тақырыбында интеллектуалды сайыс өткізілді.

Интеллектуалды сайыстың мақсаты – мұсылманның бес парызының бірі – оразаның қадір-қасиетін білдіру және бұл айда адам баласы тек қана ішіп жеуден тыйылып қана қоймай, өзінің жан дүниесін рухани тәрбиелеу екендігін түсіндіру. Аталған сайыста ДМЗО «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің теолог маманы Дархан Сейтенов, «Ақниет» қоғамдық қорының теолог маманы Ізбасар Максотов, «Тәжиден Батырұлы» мешітінің наиб имамы Ерлан Кенжин әділ-қазы болды.

Сайыста дінге байланысты, ақида, салт-дәстүр, қазақ ағартушылары және Қазақстан тарихынан сұрақтар болды. Сайысқа 4 команда қатысып, әділ-қазылар төрелігімен жеңімпаз командалар марапатталды. Интеллектуалды сайыстың қорытындысы бойынша 1-ші орынды «Адал» командасы иеленді, 2-ші орын «Аңсар» командасына берілді, 3-ші орынды «Баракат» командасы алды.

Сонымен қатар, белсене қатысқаны үшін «Ихсан» командасына құрма мен алғыс хаттар  табысталды. Аталған шараға 16 діндар азамат қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру