Бір адамның өмірін аман алып қалған түркістандық Шавкат
7 мамыр – Отан Қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицейлер жайлы ақпарат ұсынбақ.
Түркістан облысында қарапайым ауыл полицейі Шавкат Ибадуллаев 2019 жылы Сырдария өзенінен суға батып бара жатқан адамды құтқарды.
Шардара аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Шавкат Ибадуллаев. Тәртіп сақшысы ішкі істер органдарының қатарында 15 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.
Шавкат өзі айтқандай, оның отбасы – интернационалды. Полицейдің өзі тәжік, ал жұбайы Әсем-қазақ ұлтынан. Бүгінде олар бес баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы – Наргиз, содан кейін мерейлі Мерей, үшінші мерекелі Мереке. Қыздардан кейін екі ұлы дүниеге келген, бірінің есімі – Аңсар, екіншісі – Ислам.
– Шомылуға тыйым салынған аймақты тексеріп келе жатқан болатынбыз. Сол кезде судың ішінен «құтқарыңдар» деген жан ұшырған айқай шықты. Жалт қарасам, бір еңгезердей егде жастағы азамат суға батып бара жатып, көмекке шақырып жатыр екен. Ол жер өте қауіпті аймақ болатын, тереңдігі де біршама. Жылдам шешіндім де, суға кірдім. Қасымдағы әріптесім Айдана «Шавкат бекем бол, сенің қолыңнан келеді» дейді, даусы дірілдеп. Ол да мен үшін алаңдап тұр. Қауіпке бас тігіп бара жатқаннан соң жүрексіну де болды. Жүзіп бара жатып, санаулы сәттерде көз алдыма отбасым елестеді. Артқа қайтсам да болар еді, алайда әлгі дәрменсіз адамды не де болса құтқарып үлгеруім керек, себебі мен – полицеймін! Осылайша өз-өзімді қамшылап, бар күш-жігерімді салып, жүздім. Суға түсуін түстім-ау, алайда, қалай құтқарып аламын, қай тұсынан ұстап алсам екеуміз де аман қаламыз, осы жағын ойламаппын. Бірер сәтте осындай түрлі ойлар санамды кезді. Жақындап қалғанда алдынан барсам маған қарай асылып, жүзуіме кедергі келтіріп, екеуіміз бірдей суға батуымыз мүмкін деп, бірден артқы жағынан айналып барып, қармап қалдым. Иығыма әлгі дәрменсіз кісіні асып алып, жағаға сүйреп алып шықтым. Жағаға жеткен сәтте ғана оның сол маңдағы туыстары бізге қарай жақындады. Әлгі кісінің батып бара жатқанын көріп біраз адам абдырап қалған болатын, олар да маған қарай жүгіріп келіп, мені құшақтап, «Жарайсың батыр!» деп артымнан қағып жатты. Ал мен болсам әлгі кісіні аман-есен құтқарып шыққаныма риза болып тұрмын. Мүлде таныс емес кісілердің аузынан «батыр» деген сөзді естіп, алғыс алғаныма ерекше қуандым.Ол кісі тірі қалды, менің қолымнан келді, – дейді Шавкат.
Осы оқиға орын алып жатқанда Шавкаттың қасында болған әріптесі зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Олар жедел жәрдемді күтпей ер адамды аудандық ауруханаға жеткізген.
– Осыдан кейін мен құтқарған адамның Шардара ауданына қонаққа келген Ордабасы ауданының 59 жастағы тұрғыны екенін білдім. Қонақта жүріп, ішімдік ішкеннен кейін ол өзенде жүзгісі келіп, суға түскен екен. Алайда өзінің қалай қауіпті аймаққа қарай жүзіп кеткенін байқамай қалған. Аллаға мың шүкір, – деп Шавкат Ибадуллаев өз оқиғасын аяқтады.