Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір күнде екі велосипед ұрлаған күдікті ұсталды

Петропавл полицейлері бір күнде екі велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 маусымда Жеңіс саябағының маңында тұратын облыс орталығының бір тұрғыны баласының “Focus” маркалы велосипеді жоғалғаны туралы “102” арнасына хабарласқан. Жедел-тергеу тобы іздеуге кіріскен. Көп ұзамай сол маңнан тағы бір велосипед ұрлығы тіркелген. Туыстарына барған қала тұрғыны подъездің алдында қалдырылған “BMW” маркалы “темір тұлпарының” жоғалғанын байқаған. Сол аумақты тексеру барысында полицейлер “ізін суытпай” күдіктінің ізіне түсті. Ол бұрын ұрлық үшін сотталған 38 жастағы петропавлдық болып шықты. Екі эпизод бойынша келтірілген шығынның сомасы 92 мың теңгені құрады. Күдікті велосипедтерді 19 мың теңгеге кездейсоқ адамдарға сатқанын айтқан.

Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі “Ұрлық” бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған заттар тергеу амалдары аяқталған соң иелеріне қайтарылады.

– Күдіктінің айтуынша, ұрлық жасауға еш кедергі болған жоқ: иелері айдап әкетуге қарсы шара қолданбаған, — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. — Полицейлер өз мүлкінің сақталуына ұқыптылықпен қарау туралы халыққа бірнеше рет осындай ұсыныс айтқан. Велосипедтерді айдап әкетуге қарсы мықты тростармен жабдықтау қажет. Үйде немесе гаражда сақтау қажет. Егер далада қалдыру қажет болған жағдайда бейнебақылау камераларының шолу аймағына қалдырған дұрыс.

Жыл басынан барлығы Петропавлда 55 велосипед ұрлығы тіркеліп, оның 33 ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру