Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше тұрғыннан ақша алған алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды

Түркістан облысында «мүгедектікке шығарып беремін» деп, бірнеше тұрғыннан ақша алған алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды құрықтап жүр. Мәселен, Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері мүгедектікке шығарып беремін деген желеумен бірнеше тұрғынның ақшасын жымқырған күдікті әйелді ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың желтоқсан айында жергілікті тұрғынның танысы «күйеуін мүгедектікке шығарып беремін деп» алдап, құжаттарымен бірге 190 мың теңгесін алған. Осы уақыт аралығында мүгедектікке шыға алмаған, ақшасын қайтара алмаған тұрғын сан соғып қалғанын түсініп, ҚПБ-ға арызданып, полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.

Қалалық полицейлер жәбірленушінің арызына орай, шұғыл түрде іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті әйел тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, әйел болып шықты.

Тергеу барысында күдіктінің жалпы бес жәбірленушіні алдап, 500 мың теңгеден астам қаржыны иемденгені белгілі болды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кінәсін мойындаған күдікті әйелдің бас шарасы «қолхатта».

Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселеңізді заң жүзінде шешіңіздер деп ескертеді. Егер де, сіз, алаяқтық қылмысына куә болсаңыз немесе құрбаны болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіздер. Өйткені дер кезінде берілген ақпарат, қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру