Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Ақтөбе облысының жолдарында 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Биыл Ақтөбе облысының жолдарында 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол апаттарының алдын алу мен жолын кесу үшін полиция қызметкерлерімен жол-көлік оқиғаларының пайда болу себептеріне, апаттар жиі болатын аумақтарға үнемі талдау жасалып, профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Жыл басынан бері Ақтөбе облысының жолдарында 163 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 32 адам көз жұмды, 217 адам түрлі дене жарақаттарын алды, оның ішінде қаза болған балалардың саны – 5, жарақаттанғандардың саны – 45. Жол апаттарының ең көбі – Ақтөбе қаласында (95) болса, одан кейін Хромтау (13), Алға, Шалқар, Мұғалжар аудандарында (әрқайсысында – 8) жиі болады.

Талдау нәтижелеріне сәйкес, облыс аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдық режимін асыруы, қарсы жолаққа шығу, басып озу, жаяу жүргіншілерге жол беру ережелерін сақтамауы. Ал, жол апаттары жиі болатын аумақтар ретінде Самара – Шымкент автожолының Қобда ауданына (623 км), Өлке (790 км), Ақжар (806км), Дөң (840 км), Бөгетсай (892 км) аулына жақын аумақтары анықталып отыр. Жолдардағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілермен, ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды, оқу орындарының оқушыларымен түсіндіру сағаттарын ауқымды түрде жүргізеді.

«Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, балалар!», «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық шаралары тұрақты түрде өткізіліп, автожолдарда «Жолдағы қабылдау» акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сандық технологиялар кеңінен қолданылып, облыста 17 жерге жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты анықтауға арналған 61 камера орнатылған, сонымен қатар полицейлер планшеттеріндегі «Арқан-Қорғау» косымшасы арқылы жыл басынан бері көлік құралын басқару құқығынан айырылған 88 жүргізушіні анықтаса, «Автоураган» кешені мен дрон ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдану арқылы жолдағы 4,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру